Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі А.Бейсембаевтың қатысуымен брифинг өтті.
Баспасөз мәжілісінде Аманбек Алтынбекұлы 2020-2021 жылғы жылу беру маусымының қорытындысы мен қаладағы дала-орман өрттерінің алдын алу бойынша баяндады.
– Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің өкіміне сәйкес қалада жылу беру маусымы өткен жылдың 15 қыркүйегінен басталып, 5 сәуірде тоқтатылды. Осы уақыт аралығында улану фактілері азайғаны байқалып, көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2 пайызға төмендеді. Бұл – үгіт-насихаттың нәтижесі. Яғни, мөлтек аудандарда жалпы саны 308 210 адам қамтылған 73 068 үйге түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар 11 245 адам қамтылған 192 жиын ұйымдастырылып, арнайы әзірленген жадынамалар таратылды. Оған қоса департамент қызметкерлері тұрғын үй секторларын аралау арқылы екі отбасыны улы газдан құтқарды, – деді А.Бейсембаев.
Оның айтуынша, бүгінде «Әдия» тұрғын үй кешеніне қарайтын 365 пәтерге табиғи газды анықтайтын дабылқаққыш қойылған. Дәл осындай 2 454 құрылғы «Нұрсәт» мөлтек ауданындағы «New-City» тұрғын жайындағы 467, «Шымкент-сити» тұрғын алабындағы 696 және өзге 926 пәтерге орнатылған. Одан бөлек, әлеуметтік жағдайы төмен 10 отбасының тұрғылықты мекенжайына пилоттық жобамен улы, табиғи газ және түтінді анықтайтын «FireProtectPlus» қондырғысын орнату арқылы 3 адамның өмірі құтқарылған.
Брифинг барысында спикер алдағы жаз айларында өрт қауіпті кезеңінің басталуына байланысты табиғи өрттердің алдын алу шаралары бойынша сөз қозғады.
– Қалада орман және дала өртінің алдын алу мақсатында сәуір және мамыр айларында өртке қарсы минералды жолақ жырту жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Яғни, бұл жолақтар жалпы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 53, жергілікті автомобиль жолы бойында 320,2, орман қоры жерлерінде 456 және егістік алқаптарында 320,2 шақырымды құрайды. Айрықша жеткізетін жайт, жыл басынан бері үшінші мегаполисте табиғи өрт жағдайы тіркелмеді, – деді ол.
Айта кетейік, қала аумағында орман және дала өрттерін дер кезінде сөндіру мақсатында аудан әкімдіктері тиісті елді мекендерде жалпы 405 адамнан тұратын 42 ерікті өрт сөндіру құрылымын құрған. Олар 69 бейімделген қосалқы техникасы мен 14 өрт сөндіру мотопомпасымен жабдықталған.