Шымкент қаласында биыл 3 мыңға жуық жол белгісі қойылады, деп жазады қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «jetpisbai.kz» ақпараттық агенттігі.
Қалада жол қозғалысын реттеу мақсатында жыл сайын ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Соның нәтижесінде шаһарда жол — көлік апаттарының саны төмендеп отыр.
Биыл 600 метр болатын жасанды жол кедергілері, 2 600 дана жол белгісі, 15 дана белсенді жаяу жүргіншілер өткелі, 16 бағдаршам, 250 аялдама орнатылып, 215 шақырымға жол таңбасы сызылады.
Қалалық жолаушылар көлігі және автотранспорт жолдары басқармасының мәлімдеуінше жыл басынан бүгінгі күнге дейін олардың біршамасы жүзеге асырылған. Атап айтқанда, 850 жол белгісі, 100 метрге жасанды жол кедергісі орнатылған. Сонымен бірге 45 шақырым жолға жол таңбалары сызылған. 3 белсенді жаяу жүргіншілер өткелі қойылған.
Одан бөлек, жол кептелісін азайту мақсатында Сыпырған ата — Әл-Фараби, Сыпырған ата -Темірлан тас жолы, Рысқұлов — Адырбеков, Арғынбеков – Өтегенов, Рысқұлов – Шаяхметов, Шаяхметов – Арғынбеков, Рысқұлов-Қазиев, Арғынбеков – Бәйтереков қиылыстарына оң жақ өткелдер ұйымдастырылады.