Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » ӘЛЕУМЕТТІК КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ – ТИІМДІ ЖОБА

ӘЛЕУМЕТТІК КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ – ТИІМДІ ЖОБА

Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту әлеуметтік осал топ санатындағы азаматтарға қолдау көрсетуге зор мүмкіндік береді. Жаңа жобаның негізгі басым бағытының бірі – аз қамтылған азаматтарға көмек беру және жұмыспен қамту.
Шымкентте қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мамандарының ұйымдастыруымен әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту туралы заң жобасы бойынша дөңгелек үстел өтті. Жиынға қаладағы бірқатар кәсіпкерлер қатысты.
– Әлеуметтік кәсіпкерліктің ерекшелігі – бұл қызметтің кәсіпкерлік сипаты қоғам үшін пайда табуға бағытталған. Бүгінде әлеуметтік кәсіпкерлік жобасына халықтың қызығушылығы артуда. Бұл жоба инвесторларға өте тиімді, қаржыларын қайырымдылыққа бағыттағаннан гөрі оны бизнеске салып, мемлекеттен түрлі жеңілдік алады. Соның бірі – бұл мүлік салығын төмендету, сондай-ақ салық салынатын кірісті азайту, – деді басқарма бөлімінің басшысы Қуаныш Аханов.
Шымкент қаласында қазірдің өзінде әлеуметтік кәсіпкерлікке қызығушылық танытып жатқан кәсіпкерлер бар. Заңнамаға сәйкес, әлеуметтік осал топ қатарындағы азаматтар жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің барлық шараларына қатысуға басым құқыққа ие болады.
Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, мүгедек балалардың ата-аналары мен қамқоршыларына, зейнеткерлер мен зейнеткерлік жас алдындағы азаматтарға, 29 жасқа дейінгі балалар үйінің түлектері мен аз қамтылған, көп балалы немесе толық емес отбасылар қатарындағы әйелдер, соңғы 12 ай ішінде бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар және белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар мен нашақорлықтан емделген азаматтарға қолдау көрсетіліп, жұмыспен қамтулары негізгі шарттардың бірі болуы мүмкін.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*