Түркістан облысында «Ел тірегі – Елбасы» акциясы аясында мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған 2 мың отбасыға азық-түлік себеттері таратылды. Ондағы мақсат – пандемия жағдайында халықтың әлеуметтік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдау.
Салмағы 50 келі тартатын себет күнделікті өмірде жиі тұтынатын ұн, макарон, өсімдік майы, бұқтырылған ет, күріш, шай және тәттілермен толтырылған. Дәл осындай азық-түлік түрлері наурыз айында да 2 мың отбасыға үлестірілген. «Халық» қайырымдылық қорының бастамасымен өткізіліп жатқан шара алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Айта кетейік, аталған акцияны «Халық» қайырымдылық қоры Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ағымдағы жылдың наурыз айынан бері ұйымдастырып келеді. Науқанға бизнес өкілдері, жеке компаниялар мен жаны жомарт азаматтар атсалысуда. Сондай-ақ, бастамаға еріктілер қозғалысы да қолдау білдіріп, азық-түлік себеттерін таратуға үлестерін қосуда.