Ағымдағы жылдың 2 шілде күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша бірлескен отырыс өткізді.
Алқалы жиынның күн тәртібінде кәсіпкерлік субъектілерінің (шаруалар) ауыл шаруашылығы және субсидия саласындағы проблемалық мәселелері талқыланды.
Бірлескен отырысқа Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай, облыстық Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Зухра Амирова, Департаменттің
Превенция басқармасының басшысы
Ғабит Жүндібаев, облыстық Фермер одағының төрағасы мен орынасарлары және мүшелері қатысты.
Жиында сөз алған Ғ.Жүндібаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі
шаруаларға субсидияны жеткізу, бөлу мәселелерінде ашықтықты қамтамасыз ету, шаруалардың субсидия алу барысында жұмысын жүргізуде кездесетін кедергілердің оңтайлы шешімін табу мақсатында ауыл шаруашылығын субсидиялауға қатысты кешенді талдау жүргізуді бастағанын мәлімдеді.
Сондай-ақ, 2017-2021 жылдар аралығында субсидиялау саласында 29 қылмыстық іс тіркеліп, оның 7-і қылмыстық іс түрлі себептермен тоқтатылғанын атап өтіп, бүгінгі фермерлердің басты проблемалық мәселелері:
▪︎бюджеттің жетіспеушілігі,
▪︎дұрыс бөлінбеуі,
▪︎қағазбастылықтың көптігі сынды кедергілердің болуы екендігін жеткізді.
Бұдан бөлек, Департаментпен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының қызметінде жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жұмыстарының нәтижесінде, бірқатар кемшіліктердің анықталғанын баяндады.
Осыған орай, жиын соңында анықталған кемшіліктерді жою мақсатында Департамент тарапынан бірқатар ұсыныстар білдіріліп, фермерлердің талап-тілегі мен өтініштері тыңдалды.