Бүгін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Арман Сабитовтың қатысуымен Қоғамдық денсаулық басқармасының «Денсаулық сақтаудың мемлекеттік бағдарламасының 2020-2025 жылдарға арналған» жобасының орындалу индекаторлары бойынша кеңейтілген алқа отырысы болып өтті. Басқарма жұмысының негізгі нәтижелері туралы Түркістан облысы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов баяндады.
Осылайша, ағымдағы жылдың 6 айының қорытындылары бойынша Мемлекеттік бағдарлама нәтижелерінің 12 индикаторының ішінен Басқарма 9-на қол жеткізіп отыр. Бұл туралы алқа отырысында басқарма басшысы мәлімдеді.Сондай-ақ, облыс бойынша негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштерінің жақсарғанын атап өткен жөн. Соңғы жылдары өңірде өмір сүру ұзақтығы артып, жалпы өлім-жітім, туберкулез, қатерлі ісік аурулары, қан айналымы жүйесі аурулары азайған.
Жария болған мәліметке сәйкес, жыл басынан бері ана өлімі азаймаған. Осы ретте Арман Сабитұлы ана өлімі тіркелген аудан ауруханаларының бас дәрігерлеріне қатаң ескерту жасады. Енді Қоғамдық денсаулық басқармасы ана мен бала денсаулығына басымдық беріп, ауруларды алдын-алуға бірнеше жүйелі жұмыс жүргізілмек. Осы орайда, ана мен бала саулығын сақтап, халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған іс – шаралар тұрақты түрде жалғаса бермек.
Кеңейтілген алқа отырысында облыс әкімінің орынбасары Арман Сабитов COVID-19 індетіне қарсы вакцинацияның маңызына тоқталды. Оның айтуынша өңірде вакцинаның жетіспеушілігі байқалмауы тиіс. Сонымен қатар, жалған вакцинация паспорты мәселесі қатаң бақылауда екенін атап өтті. Осыған байланысты облыстың бас дәрігеріне нақты тапсырмалар берді. Жалпы өңірде екпе салатын 80 пункт ұйымдастырылды. Қатерлі індетке қарсы екпені 500 мыңнан астам адам қабылдады. Бүгінде Түркістан облысы «жасыл аймақта» тұр. Осыған қарамастан, коронавирустық инфекциямен күрес жөніндегі жұмыс облыстың барлық медициналық мекемелерде жүргізілуде.
Айта кетейік, жиналыс соңында облыс әкімінің орынбасары Арман Сабитұлы жиынға қатысушыларға бірқатар нақты тапсырмалар берді.