Түркістан облыстық тарихи – өлкетану музейі мен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті арасындағы білім алушы практиканттарды Өндірістік іс – тәжірибеден өту жөнінде Келісім шарт негізінде, бірнеше мамандықтардың болашақ иелері музейде іс- тәжірибеден өтті.
Кәсіптік практиканың алғашқы күні практиканттарға музейдің экспозициялық залдарын таныстырудан, мекеменің барлық бөлімдерінің жалпы жұмыстарына шолу жасаудан, және музейтану негіздері тақырыптары бойынша әңгімелесуден бастау алды. Өндірістік іс – тәжірибе барысында, Ғылыми — экспозиция бөлімінің жұмыстары жайында бөлім меңгерушісі экспозиция қалай жасақталатыны, уақытша көрмелер қалай жабдықталатыны жайында толық ақпараттар берді.
Ғылыми – қор бөлімінің қызметкерлері музей заттарын зерттеу, оларды ғылыми паспорттау және каталогтау, қабылдау – өткізу актісі, затты ғылыми суреттеу, түсім кітабын жазу, затқа ғылыми белгі және цифр түсіру, экспозиция және көрмелер үшін қорлардан заттарды беруді дайындау, музейдің жинау жұмысы т.б. жұмыстардың барысын таныстырып, іс – жүзінде көрсетті.
Ғылыми зерттеуді қамтамасыз ету (қазіргі заман тарихы) бөлімінің меңгерушісі Ж.Үркінбаева музейлік дәрежедегі жәдігерлерді белгілі бір тақырыптық бағыттар бойынша жинақтау жұмыстары қалай жүргізілетіні жөнінде, мысалы Түркістан облысында мәдениет пен өнер саласында үздіксіз еңбек етіп, Еліміздің рухани байлығын насихаттаушы суретші Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Қазақстан Республикасының көркем академиясының академигі А.Оспановтың 65 жасқа толуына орай жинақталған еңбектерімен таныстырды.
Сонымен қатар, музейде мәдени — ағарту жұмыстарын ұйымдастырудың жолдарын көрсетіп, тақырыптық лекциялар оқылып, кеңестер берілді.