Мақтаарал аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ қызметкерлері мен ерікті жастарының, аудандық полиция бөлімі инспекторларының біргелікте ұйымдастыруымен арнайы рейдтік шара болып өтті.
Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, суға шомылу науқанында қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып адам шығынын болдырмау, балалардың рұқсат етілмеген жерлерде шомылмауының, демалыс кезінде жолда жүру ережелерін сақтауын қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылған шарада мамандар түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
«Кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылығы мен қауіпсіздігін сақтау саласындағы ахуалды жақсарту, құқықтық тәртіп бұзушықтардың әлеуметтік, психологиялық тұрғыдан алдын алуға бағытталған шарамыз өз жалғасын таба беретін болады» дейді шараны ұйымдастырушылар.
Мұнан бөлек аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ психолог мамандары ауданда ата-аналармен кездесулер өткізіп, психологиялық семинар-тренингтер өткізуді де дұрыс жолға қойған. Ондай жиындарда жасөспірімнің өсуіне, тәртібіне, мінезінің қалыптасуына отбасылық тәрбие мен дағдының үлкен рөл атқаратындығы түсіндіріліп, ата-ананың перзент алдындағы міндеттері, перзенттің ата-ана алдындағы парызы кеңінен айтылуда. Бұл өз кезегінде ата-аналардың жауапкершілігін арттырады деп күтілуде.