Мақтаарал аудыны әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның бастамасымен жазғы шомылу маусымы кезінде суға кету жағдайларының алдын алу және жолда жүрудің ережелерін сақтау мақсатында Мақтаарал ауданы әкімі аппаратының мамандары, аудандық полиция бөлімі мен төтенше жағдай қызметкерлері, аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ қызметкерлері мен ерікті жастары, Мақтаарал ауданының Адами әлеуетті дамыту бөлімімінің мамандарымен профилактикалық шара жүргізілді. «Достық» халықаралық каналының Мақтаарал ауданы аумағындағы тармақтары мен кент, ауылдық округтердегі елді мекен маңындағы арық-атыздарда жүргізілген рейдтік шара барысында жұмысшы топ айтып келмейтін тілсіз жаудың бірі су екендігін, суға шомылу кезінде сақтық шараларын қатаң сақтау керектігін айтып түсіндірді.
Мамандардың айтуы бойынша қайғылы жағдайлардың басым бөлігі жағалаудағы демалыста балаларды ескерусіз қалдыру салдарынан орын алатын көрінеді.
Қараусыз бала тыйым салынған жерлерде шомылу, суда жүзуді дұрыс білмеу секілді қателіктерге жол берсе, үлкендер жағы спиртті ішімдік ішкен күйде суға түсіп жатады.