Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » ЖАСТАР ЖЕЛТОҚСАН ҚАТЫСУШЫСЫМЕН ЖҮЗДЕСТІ

ЖАСТАР ЖЕЛТОҚСАН ҚАТЫСУШЫСЫМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толуына орай және ҚР Президентінің «Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігін жоспарлы түрде насихаттау туралы» тапсырмасы аясында «Мұзда жанған алау» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ мәжіліс залында өткен жиынға ішкі саясат бөлімінің басшысы Омар Есенбеков пен бөлімнің бас маманы Ақжарқын Нөкерәулеті, орталық басшысы Нұрлыбек Мутаев пен Желтоқсан оқиғасының қатысушысы Сапаркүл Бейсенова, ауданның белсенді жастары мен «Jas Otan» жастар қанатының мүшелері қатысты.
Жастар арасындағы отансүйгіштік қасиеттерді арттыра отырып, Тәуелсіздік құндылықтарын дәріптеу, 35 жыл бұрынғы өрімдей жастардың ерлігін бүгінгі ұрпаққа өнеге ету мақсатында ұйымдастырылған басқосу еркін форматта өтті.
35 жылдан бері химия пәнінен дәріс беріп келе жатқан Желтоқсан оқиғасының қатысушысы Сапаркүл Жандарбекқызы бүгінде Жетісай ауданының Адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты «С.Асанов» атындағы жалпы орта мектебінің мұғалімі. Перзенттерін адалдық пен азаматтыққа тәрбиелеп келе жатқан ардақты ана, аяулы әже. Сол бір қырғынды күндер орын алған сәтте Қарағанды қаласындағы жоғарғы оқу орындарының бірінің студенті болған. Ұлтжандылықтың ерекше үлгісін көрсетіп, ел жастарымен бір сапта тұрып бас көтерген ұстаз оқиғаның мән-жайын айтып, жастарды ізгілікке шақырды. Бейбітшілік пен Тәуелсіздіктің қадірін түсініп, бағалай білу керектігін айтады.
«Бүгінгі қоғамда, бүгінгі Қазақстанда өмір сүріп отырған сіздер өте бақыттысыздар. Мемлекет жастардың білім мен ғылымға бет бұруына, кәсіпкерлікпен айналысуына барлық жағдайды жасап қойған. Сондықтан, ата-бабамыздың ғасырлар бойы армандаған Тәуелсіздігімізді бағалай біліңіздер. Сіздердің бар мақсаттарыңыз – сапалы білім алу, өз мамандықтарыңыздың шебері болу, елдің игілігі мен жарқын болашағына аянбай қызмет ету» дейді Сапаркүл Бейсенова.
Сонымен қатар, жастар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойысып, Желтоқсан оқиғасына қатысты ой-пікірлерімен бөлісті. Жыр жолдарын арнап, монолог оқыды.
Іс-шара соңында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Омар Есенбеков Сапаркүл Бейсеноваға алғысын білдіріп, сый-сияпатын жасады.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*