Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ мен «Jas Otan» жастар қанаты мүшелерінің ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығының және Түркістан облысының құрылғанына 3 жыл толуына орай әуесқойлар арасында балық аулаудан жарыс өтті.
Салауатты өмір салтын насихаттай отырып туризмді дамыту, қоршаған ортаны қорғау, жастар арасында балық аулау спортына деген қызығушылықты арттыру, көршілес аудан, қалалардағы балықшылар арасында өзара тәжірибе алмасуын, достық қарым-қатынасын нығайту, Түркістан облысының туристік әлеуетін арттыру мақсатында ұйымдастырылған шараның ашылу салтанатына Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков, аудандық мәслихат депутаты Жұмағали Төреқұл мен бірнеше округтің әкімдері қатысып, балықшыларға сәттілік тіледі.
Сайысқа төрелік жасаған Жетісай аудандық Аңшылар мен балықшылар қауымдастығының мүшесі Мұхит Акрамов қатысушылардың жарыс ережелерін қатаң сақтап, әділ өтуіне үлкен күш салды.
Балық аулау спортында өзара мықты қатысушыларды анықтау мақсатында Түркістан облысы, Шарадара су қоймасының «Күміс жағажай» демалыс аймағында сайысқа Түркістан облысының түкпір-түкпірінен 20-ға жуық командада 70-ге жуық балықшы қатысты. Балық аулау сайысы өте тартысқа толы болды.
2018 жылы бастау алған екі күндік сайыстың қорытындысы бойынша І орынды «Абай» ауылдық округінің командасы қанжығасына байласа, ІІ орынды «Охотники за удачой» командасы иеленді. Ал, ІІІ орын «Жамағат» командасына бұйырып, кубоктарға ие болды.
Мұнан да басқа сайысқа белсенді қатысып, ерекше көзге түскен жекелеген балықшылар түрлі номинациялар бойынша үздік танылып, ұйымдастырушылардың арнайы дипломдарымен, бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Айта кетейік, сайыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтуіне «SANUR TV» қоғамдық телеарнасы ақпараттық қолдау көрсетсе, «NR» продюссерлік орталығы, «HotBurger», «SUSHI & PIZZA PARTY» тамақтану орындары мен «САЗАН», «MUKHIT» дүкендері демеушілік жасады.