Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының ұйымдастыруымен №4 УПП-нің учаскелік полиция инспекторлары және еріктілер бірлесіп, мән-маңызы зор ауқымды шара ұйымдастырды. Яғни аталған қызметкерлер Түркістан қаласындағы көшелерге шығып, есірткі құралдары мен психотроптық заттардың жарнамасы бар граффити-суреттерді жойды. Іс-шара кезінде 40-қа жуық синтетикалық есірткі жарнамасын жойған полицейлер, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатынын, оны жасағандардың жазасыз қалмайтынын жеткізді.
Ескерте кететін жайт, егер осындай заңсыздықтар, оған қоса есірткі жарнамалайтын сайттар анықталған жағдайда, олар заңға сәйкес жойылып, сайттар мен жазуларды жасауға қатысы бар тұлғалар ұсталып, жауапкершілікке тартылады. Сондықтан Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға ескертеді: синтетикалық есірткілердің жарнамасын жасау, жазбалар қалдыру, ғаламтор арқылы жұмыс жасау үшін ҚР ҚК-нің 299-1-бабының негізінде жауапкершілік қаралған.
Өзіңіздің болашағыңыз, деніңіздің саулығы үшін зиянды әрекеттерге жоламай, салауатты өмір салтын ұстаныңыздар. Қандай да бір есірткі граффиттерінің ісіне куә болсаңыз, селқостық танытпай, әр жайт бойынша тез арада «102»-ге хабарлауды сұрайды.