Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова Арыс ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Әуезхан Бейсенов пен азаматтық қорғаныс тобының офицері, лейтенант Әмір Амангелдиновті қабылдады.
Шомылу маусымында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
Бүгінгі таңда Арыс қаласының территориясынан екі өзен – Сырдария (110 шақырым) мен Арыс (47 шақырым) өзені ағып өтеді. Бейсеновтің айтуынша, аталған өзен сағаларында шомылуға қауіпті 15-тен астам учаске бар. Оған қоса, құқық қорғау органдарының өкілдері мен төтенше жағдайлар жөніндегі бөлім қызметкерлерін түгел жұмылдырған күннің өзінде, суға түсу қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету мүмкін емес.
Ал қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың пікірінше, халыққа арнайы шомылатын орындар жасап беру арқылы қайғылы оқиғалардың алдын алуға болады.
«Осыған орай, төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары арнайы шомылу орындарын жасауға болатын учаскелерді анықтап берсін. Жағалау күзетін ұйымдастыруды қолға алайық. Ал кәсіпкерлік бөлімі арқылы рұқсат етілген жерге шомылу жағажайын салуға кәсіпкерлерді тартайық. Сонда бұл қоғам үшін қауіпсіз әрі тиімді жоба болады», – деді Құрманбекова.
Сондай-ақ, аталған жоба жүзеге асқанға дейін жағалау күзетін тиісті салалық ведомство мамандары қамтамасыз етуге міндеттелді.
Айта кетейік, биылғы шомылу маусымы кезінде қаладағы су айдындарында 5 адам қаза болған, оның 4-і 18 жасқа толмаған бала болса, 1- і ересек адам.
Мамандардың зерделеуіне сүйенсек, орын алған оқиғалардың негізгі себептері:
— жүзе білмеу және өз күшін дұрыс бағаламау;
— балаларды суаттар жанында үлкендердің қарауынсыз қалдыру;
— жеке құтқару құралдарын пайдаланбай балық аулау;
— спирттік ішімдікті ішіп суға түсуі;
— су көздеріндегі қолдан жасалған өткелдерден өту кезіндегі жазатайым жағдалар болып табылады.