Бейсенбі күні Арыс қаласының тұрғыны Әубәкіровтердің отбасында төтенше оқиға болды. Отағасы Арысбек Әубәкіров жұмыста жүргенде Ақкөзов көшесінде орналасқан үйі отқа оранған.
Электр сымының қысқа тұйықталуынан тұтанған тілсіз жау тұтас үйді әп-сәтте күлге айналдырған. Өрт сөндірушілер хабар түскен сәтте-ақ оқиға орнына жеткенімен, бас-аяғы 4-5 минут ішінде баспана ішіндегі дүние-мүлік түгел қызыл жалын құрсауында қалған. Ең бастысы — адамдар дін аман.
Қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың шұғыл тапсырмасымен, Арыс қаласы әкімдігінің өкілдері Әубәкіровтердің отбасына барды. Аяқ астынан қиын жағдайға тап болған жандардың қасынан табылып, қолдау-көмек ұйымдастырудың басы-қасында жүрген әкім кеңесшісі Гүлнәр Бертайқызы басты байлық — адамдардың амандығы екенін атап өтті.
Адам өмірі үшін алғашқы қажеттіліктер қатарындағы азық-түлік пен киім-кешек, көрпе-төсек сияқты материалдық көмектерді ұсынған әкімдік өкілдері қол ұшын созу мұнымен шектелмейтінін айтты.
Адам — біздің басты байлығымыз десек, онда әрбір тұрғынның қауіпсіздігі қашан да зор маңызға ие. Сондықтан да әрбір азаматты қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырамыз.’