Негізгі тіршілік көзі ауылшаруашылығы болып табылатын Жетісай ауданы үшін жердің тұздануын төмендету өте өзекті. Аталған мәселелерді тездетіп шешу мақсатында, аудан әкімі Мұрат Болатұлы механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп жатқан каналдарда болды. Егінді жерлердің сорлану жағдайынан толық хабардар аудан әкімі, тиісті сала өкілдеріне мәселені тездетіп шешуге тапсырма берді. Қосымша айта кететін болсақ. Биыл облыстық бюджет есебінен Жетісай ауданының коммуналдық меншігіндегі 241,3 шақырымды құрайтын 121 дана су қашыртқыларына механикалық тазалау жұмыстары басталды. Аталған су қашыртқылары Қызылқұм, Жаңа ауыл, Жылы су, Қазыбек би, Атамекен, Қарақай, Ш.Ділдәбеков және Мақталы ауылдық округтерінде орналасқан.
Механикалық тазалау жұмыстарын Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының «Тұран су» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жүргізуде.
Бүгінгі күнге Мақталы ауылдық округі бойынша 20,1 шақырым (10 қашыртқы) механикалық тазалаудан өткізілді.
Жалпы механикалық тазалау барысында жұмыс істеп жатқан техника саны: 4-экскаватор, 4-драглайн, 2-бульдозер, 1-жанар-жағар май тасмалдауға арналған көлік, 1-жүк көлігі, 1-трал.