Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында «басы артық жұмыс күші бар өңірлерден басқа жерлерге, сондай-ақ, ауылдардан қалаларға жұмыс күшін ұтымдылықпен тартуға қолдау көрсету керектігі» айтылған болатын.
Осыған орай, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының 3-бағыты шеңберінде іске асатын «Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру», яғни, жұмыс күші артық аудандардан жұмыс күші жетіспейтін аудандарға ерікті азаматтарды көшіру мақсатында, Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданының әкімі Кеңесов Нұрлан Маратұлы Жетісай ауданына арнайы іс-сапармен келіп, Мақтаарал және Жетісай ауданының тұрғындарына қоғамдық қабылдау өткізді.
Елбасы тапсырмасы бойынша «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын» іске асыруға кірісті. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту, нәтижелі жұмыспен қамту, жұмыссыздықты азайту мақсатында жүргізіліп жатқан бұл бағдарлама жұмыссыз жүрген азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп қана қоймай Солтүстік өңірдегі демографиялық ахуалды арттыруға да өз үлесін тигізбек.
«Қазіргі таңда өңірімізде қолдарында дипломдары болса да екі қолға бір күрек таппай жүрген азаматтар қаншама, дипломы бар бірақ жұмыс өтілі жоқ болып жұмысқа орналаса алмай жүргендер де жетерлік. Бұл бағдарлама аясында тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіліп қана қоймай, келешек баспаналы болуға да мүмкіндік жасалады. Өңірге келген жұмыс берушілер жергілікті тұрғындарға бос жұмыс орындарын ұсынып, жасалатын жеңілдіктер жөнінде мағлұмат береді. Одан бөлек,оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушылардың жәрдемақысы екі есеге өседі.»Қоныс аударушыларды жұмыспен қамтуға, жаңа жерге бейімдеуге жағдай жасау үшін көшуге берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшерін 35 АЕК-тен (102 095 теңгеден) 70 АЕК-ке (204 190 теңгеге) артты деді» Кеңесов Нұрлан Маратұлы. Кездесу барысында 30 ға жуық аудан тұрғындарына толыққанды түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Қосымша айта кететін болсақ, Осы бағдарлама аясында Жетісай ауданы бойынша көшуге ниет білдірушілер тарапынан 2019 жылы 60 отбасының құрамындағы 171 адам, 2020 жылы бағдарлама аясында көшуге ниет білдірген 40 отбасы құрамындағы 110 адам, 2021 жылы алты айдың қорытындысымен 32 отбасы құрамындағы 118 адам Солтүстік және Шығыс өңірлерге қоныс аударған. Оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысына 2019 жылы 35 отбасы құрамындағы 112 адам, 2020 жылы 26 отбасы құрамындағы 80 адам, 2021 жылы 21 отбасы құрамындағы 65 адам қоныс аударып, жұмыспен қамтылған.