Төлеби аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы әкімдіктің мәжіліс залында өтті. Жиынды аудан әкімі комиссия төрағасы Төлеген Тұртайұлы ашып, жүргізіп отырды.
Күн тәртібінде «Жол көлік оқиғаларының профилактикасы, оның ішінде адам өліміне алып келетін оқиғалардың алдын алу туралы» мәселесі қаралып, аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Ғалымжан Тұрашбеков баяндады. Ауданда жол-көлік оқиғаларының алдын-алу мақсатында «Қауіпсіз жол», «Абайлаңыз, балалар» тақырыбында іс-шаралар өтті. Осы жылдың 5 айында ауданда 83 жол-көлік оқиғасы орын алды. «Қауіпсіз жол» жедел – профлактикалық іс-шарасы бойынша аудандық әкімдікке жол белгілерін ауыстыруға 286 ұйғарымдар жолданды. Жол белгілерін орнатпай кемшіліктерге жол беріп, жұмысын жалғастырып жүрген мердігер компания өкілдеріне 8 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама түзілген.
Жол жүру қауіпсіздігін арттыру мақсатында аудандық бюджет есебінен 2021 жылы жолақ сызу жұмыстарына 12 млн 210 мың теңге қаралып, жалпы ұзындығы 13,4 шақырым жолға жолақ сызылды. 400 дана жол белгісі, 28 дана жарық беретін жол белгілері орнатылды. Ленгір қаласындағы автобекет және Көксәйек елді мекеніндегі аудандық аурухана маңына бағдаршамдар қойылды. Сондай-ақ, Ленгір қаласындағы Амангелді көшесіне түнгі жарық жүргізілді. Аудандағы білім ошақтары жанына жол кедергілері, 22 мекен –жайға 46 бейнекамера орнатылды.
Отбасындағы тұрмыстық қарым-қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар, маскүнемдік пен алкоголизм профилактикасы туралы «Жұмыспен қамту орталығы» КММ директоры Дулат Шарипов хабарлама жасады. Қазіргі кезде ауданда «Әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу қызметі» секторы ашылды. Аудандық полиция бөлімінде есепте тұрған жайсыз отбасылар саны-73. Аудан аумағындағы тұрмыстық зорлық–зомбылықтың, құқықтық және әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету мақсатында мобильді топ құрылды. Денсаулық сақтау мекемелерінде психологтардың қатысуымен суицид, ерте жүктіліктің алдын-алу бойынша кездесулер өткізілген.
Жиында көтерілген мәселелер бойынша аудан басшысы Төлеген Телғараев аудандағы құқық бұзушылықтың алдын алу негізінде атқарылған жұмыстарды жандандыру қажеттігін баса айтты.