Төлеби ауданы, Қаратөбе ауылдық округі аудан орталығынан ең шалғай жатқан ауыл болғанымен, елді мекеннің инфрақұрылымдық мәселелері шешімін тапқан. Аймақта ауыз су, газ құбырлары тартылып, электр бағаналары мен трансформаторлар жаңартылып, желілер ауыстырылуда. Бұған қоса, жаяу жүргіншілерге арналған аяқ жол құрылысы да шешімін тапқан көше бойларын көріктендіру жұмысы жалғасуда.
Елді мекендегі аяқ жол құрылысының жұмысына аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тапсырыс беріп, мердігер «Старт Строй» ЖШС жүргізді. Құны 3894,0 мың теңге болған жаяу жүргіншілерге арналған аяқ жол екі елді мекенді жалғап отыр.
Сондай-ақ, Қаратөбе ауылдық округі аумағындағы жаңа массивтерге ауыз су құбыры және электр бағаналары тартылуда. Электр бағаналарын орнатуды мердігер «Мерей Строй» ЖШС жүргізсе, оған 182738,0 мың теңге қаражат қаралған. Ауыз су құрылысына 125652,0 мың теңге қаржы бөлініп, су құбырларын тарту жұмыстарымен «Ақмешіт Мемиоростор» ЖШС айналысуда. Ауыз су құбырының ұзындығы орталық көшемен 9 шақырым болса, абоненттерге тартылатын құбыр 11 шақырымды құрайды.