Төлеби ауданы, Ханарық елді мекенінің 1989 жылы туылған түлектерінің демеушілігі есебінен ауылдың кіре-беріс жеріне Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ауыл-Ел бесігі» жобасы мен туған жеріне деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімін қалыптастыру мақсатында ауыл қақпасына айналған арканы орнату жұмыстарын жүргізді.
Арканы орнатуға демеушілік еткен азаматтарға ауыл әкімі Бақтыбек Алтынбеков «Алғыс хат» табыс етті. Құны 2 млн теңгені құраған аркаға демеушілік етіп қана қоймай, құрылыс жұмыстарын жүргізген ауыл азаматтарына округ басшысы тұрғындар атынан алғысын, ізгі-тілектерін жеткізді.
Игі істің басы-қасында жүрген Ахымжан Мадалиев пен Үмітжан Тажибаев сыныптастарының ұйымшылдығын тілге тиек етіп, ауыл ажарын ашуға бірге атсалыса беруге ауылдастарын шақырды. Ауыл жастары атынан сөз алған Ү.Тажибаев уақытысында қанат қатайтып, білім алып, түлеп ұшқан ауылына қайта қайырылып, оның ажарлануына, гүлденуіне үлес қосу азаматтық міндет екенін айтты.