Бүгін аудан әкімі Бағлан Батыршаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясының фракция мүшесі Қайнар Абасовпен кездесті.
Әуелі аудан кәсіпкерлерімен жүздескен халық қалаулысы сессия аралық кезеңде сайлаушылармен кездесіп, бас партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыруға арналған Жол картасының орындалуы бойынша өз ойын ортаға салды.
Келелі кеңесте ауданымыздағы «Ордабасы Құс», «Бөрте Милка», «Ордабасы Нан», «Қайнар Құс» сынды өндіріс орындарының басшылары кәсіпкерлерді толғандырып отырған бірқатар мәселелерді айтып өтті. Анығында, әлемді жайлаған індет пен табиғат апаты ел экономикасына ауыр салмақ салғандығын тілге тиек еткен аудан басшысы, кәсіпкерлерге қиындықты жұдырықтай жұмылып, бірлесіп жеңіп шығуға шақырды.
Парламент депутаты кәсіпкерлердің талап-тілектерін тыңдап, нақты сұрақтарды Мәжіліс мінберінде салалық министрліктер мен жауапты тұлғаларға жеткізетін болды. «Сіздердер мәселені нақтылап, құжат жүзінде табыстасаңыздар. Біз шешілу жолдары мен қаржылық мүмкіндіктерін қадағалап, Парламент қабырғасында талқыға салып, ұсыныс жолайтын боламыз», дейді Қайнар Бегалыұлы.
«Nur Otan» партиясының аудандық филиалы да партияның сайлауалды бағдарламасының негізінде ауданның дамуына ықпал ететін мәселелер бойынша Жол картасы қабылданғанын, оларды табысты іске асыруға мемлекет қаржысының бөлінуіне өңірден сайланған Парламент депутаттары қолдау көрсетіп отырғанын жеткізді.
Кәсіпкерлермен кездесуден соң Парламент Мәжілісінің депутаты аудан әкімінің жол бастауымен Темірландағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы музейге барды.
Биыл 150 жылдығы аталып жатқан Күш атасының музей ғимаратына жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты.
Аудан басшысы Бағлан Дәнебекұлы балуан атамыздың даталы жылына орай ұйымдастырылатын іс-шара жоспарымен бөлісті.
Мұнан соң халық қалаулысы жаңадан пайдалануға берілген «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының ғимаратында қоғамдық тыңдау өткізіп, әлеуметтік, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылық мәселелері бойынша жазылушылардың мәселесімен танысты.
Аудан әкімі халық қалаулысына ел дамуының стратегиялық бағдарламаларын, Мемлекет басшысының саяси реформаларын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін Заң нормаларының қабылдануына үлкен үлес қосып отырғанын айта келе, жауапкершілігі мол қызметіне аудан тұрғындары атынан алғыс айтты. Әрі туған өлкенің көркейіп, гүлденуі жолында биік мінберден ел-жұрттың мәселесін көтеретіндігіне сенімді екенін тілге тиек етті.