Бәйдібек ауданы, Жолғабас ауылында Елорда күні мерекесіне орай шағын футбол алаңшасының ашылу салтанаты өтті.
«Nur Otan» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Тұрсынәлі Дүйсенбеков, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы, мәслихат депутаты Сылқынбек Спабеков, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Өскен Алдамжаров, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ерғали Есмырзаев, ауданның бас имамы Еркін Полатов, ауылдық округтің әкімі Нұрлыбек Сүгірбаев, спорт ардагерлері, аудандық БАҚ-ы, қоғамдық ұйым өкілдері, ауыл тұрғындары футбол алаңшасының ашылуына қатысты.
Ашылу салатанатында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Өскен Алдамжаров Жолғабастық тұрғындарды Елорда күнімен құттықтап, спорт алаңшасының ашылуына бастама көтеріп, демеуші болған ауыл биі Ғалымжан Бегмановқа және бірқатар ауыл тұрғындарына аудан әкімінің алғыс хатын табыс етті.
Сонымен қатар спорттық шарада демешулік жасап, алаңшаның құрылыс жұмыстарының жүруіне белсенділік танытқан бірқатар азаматтар «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының және аудандық мәслихат пен ауылдық округі әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Құттықтау сөз сөйлеген ауданның бас имамы Еркін Полатов ауыл биі Ғалымжан Бегмановқа естелік сыйлық ретінде құран кітабын тарту етті.
Салтанатты лента қию рәсімінен кейін алаңда ауыл жастары арасында футболдан жарыс ұйымдастырылды.
Футболды жақсы көретін ауыл жастары үшін бұл тамаша сыйлық. Бұдан былай шынығамын, шыңдаламын деген ауыл жастары үшін бұл алаңшаның есігі әрдайым ашық болмақ.