Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » САУРАН АУДАНЫНДА «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ФИЛИАЛЫ АШЫЛДЫ

САУРАН АУДАНЫНДА «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ФИЛИАЛЫ АШЫЛДЫ

Жаңадан бой көтерген Сауран ауданында «Nur Otan» партиясының филиалы құрылып, оның ең алғашқы конференциясы онлайн форматта өтті.
Аталған жиынға «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев пен аудан әкімі Ғани Рысбеков, аудандық мәслихат хатшысы Мейрамбек Күнпейісов, аудан әкімінің орынбасарлары мен аппарат басшысы қатысты.
Конференцияның күн тәртібінде 3 мәселе талқыланды. Бірінші мәселе бойынша «Nur Otan» партиясының Сауран аудандық филиалының төрағасы болып аудан әкімі Рысбеков Ғани Құрмашұлы сайланды. Ал аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары болып Асылбеков Сағынбек Жақсыбекұлы жұмысқа кірісті.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «Nur Otan» партиясы Сауран аудандық филиалы Саяси кеңесінің құрамы толық бекітілді. Сонымен бірге Саяси кеңес бюросының мүшелері де делегаттар тарапынан қолдау тауып, бірауыздан сайланды.
Бірден іске кіріскен Сауран аудандық Саяси кеңес бюросы алғашқы отырысын өткізді.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе де толық талқыланды. 25 шілдеде елімізде тұңғыш рет өтетін ауыл әкімдерін сайлауға Сауран ауданы бойынша «Nur Otan» партиясынан үміткерлер ұсынылып, делегаттар тарапынан дауыс берілді. Үміткерлерге дауыс беру қортындысы жайлы санақ комиссиясының төрағасы Гүлбағила Қаржауова хабарлама жасады. Осылайша, күн тәртібіндегі үш мәселе де қаралып, конференцияның қаулысы қабылданды.
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев Сауран ауданында құрылған партия филиалы мен оның төрағасының жұмысына сәттілік тілеп, партияның сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасын жүйелі түрде жүзеге асыру керектігін жеткізді.
«Сауран – әлеуеті зор аудан. Мұнда туризмді, ауыл шаруашылығын, кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік бар. Түркістанға жақын орналасуы да бұл аумақтың экономикалық деңгейін көтеруге серпін береді. Филиал тізгінін қолға алған Ғани Құрмашұлы – іскер әрі осы өңірдің жағдайын өте жақсы білетін азамат. Жетекші партиямен бірге алға қойған міндеттерді, ел алдындағы жауапкершілік пен сенімді жоғары ұстайтындарыңызға сенімім мол», – деді ол.
«Жаңа ауданның құрылуы мемлекет пен халықты жақындатуда үлкен рөл ойнайтыны сөзсіз. Сауран ауданының атқаратын басты жұмыстарының бірі ауыл шаруашылығын дамыту, халықты азық-түлікпен қамтамасыз етіп, оның бағасының тұрақты болуын қадағалау. Біздің алдымызда үлкен жоспарлар тұр. Мақсатымыз да сол жоспарларды жетекші партиямен бірге уақытында орындау», — деді Ғани Рысбеков.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*