Түркістан қаласы әкімдігі «Жасыл Түркістан» КММ директоры Нұржан Төлебеков тікелей эфирде шаһардағы көгалдандыру жұмыстары барысын айтып өтті. Онлайн жүздесу 109 — Бірыңғай байланыс орталығы мен Түркістан қаласы әкімдігінің әлеуметтік желі парақшалары арқылы өтіп, тұрғындардың бірқатар сұрақтарына жауап берілді.
Мекеме басшысының ақпаратына сәйкес, 2021 жылы «Жасыл Түркістан» КММ-сі мен басқа да құрылыс бойынша жауапты бөлімдердің жұмысын қоса есептегенде Түркістан қаласының аумағында саябақтар мен демалыс орындарда құрылыс және көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, 423 га жерге — 42 саябақ, сквер, аллея мен 19 көшеде – 20 мыңнан астам ағаш пен 1 млн 200 мың шаршы метр газон егілген. Жалпы алғанда, шаһарда 2019-2021 жылдар аралығында 4 млн. ш.м газон мен 395 мың дана ағаш отырғызылған. Бұл аумақтарды күтіп баптау мақсатында автоматтандырылған суғару жүйелері орнатылып, су ұңғымалар қазылған.
Сонымен қатар, орталықтың гүлденуін жандандыру жұмыстары да күнделікті жүргізілуде. Аталған мақсатта, Түркістан қаласы әкімдігінің мемлекеттік қызметшілері арасынан таңғы 7:00-09:00 және кешкі 19:00-21:00 аралығына кезекшілік кестесі құрылып, қаланың көгалды аймақтарының тіршілігі қадағалануда. Одан өзге, «Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі» мен «Жасыл Түркістан» КММ қызметкерлері тарапынан 3 ауысымдық кезекшілік ұйымдастырылып, (кешкі 20:00-00:00, түнгі 00:00-04:00, таңғы 04:00-08:00-ге дейін) жасыл-желектер күтімі мен тазалығы ұйымдастырылуда.