Көп жылдардан бері аудан орталығы мен Машат ауылдық округі тұрғындары тарапынан көтеріліп жүрген өзекті мәселенің бірі аудан орталығының үстінгі бөлігінен жаңа мектептің қажеттілігі және Еңбекші ауылындағы тозығы жеткен мектептің орнына жаңа білім мекемесін соғу болатын. Бұл мәселені аудан әкімі кезек күттірмейтін мәселелер қатарына қосып, биыл міне облыс әкімдігінің қолдауымен құрылыс жұмыстары бастау алды.
Қос білім ордасының құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың маусым айында бастау алған. Келесі жылға өтпелі. Типтік ғимараттар заманауи үлгіде соғылып, ішінде оқушылардың сапалы білім алып, спортпен де шұғылдануына қажетті нысандар орын теппек. Аумағы да мердігер мекеме тарапынан толық абаттандырылады.
Қос ғимараттың құрылысын конкурстан жеңімпаз атанған «Агроспецмонтаж» ЖШС-гі жүргізуде. Тапсырыс беруші Түркістан облысы әкімдігінің Құрылыс басқармасы.