Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекованың тапсырмасына орай, жазғы шомылу маусымында балалар қауіпсіздігіне жіті көңіл бөлінуде.
Жуырда ғана қаламызда қызметін бастаған «Қолғабыс» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Арыс қаласындағы 4 мектеп пен ауылдық округтердегі мектеп аулаларында шағын шомылу бассейіндері орнатылды.
Атап айтқанда, қаладағы №4 бастауыш мектеп пен Е.Молдабаев, В.Комаров және С.Қожанов атындағы мектептің ауласы мен Монтайтас (Мәдениет үйінің ауласында), Ақдала (С.Ерубаев атындағы мектеп ауласында), Жиделі, Байырқұм (Орталық саябақ алаңында) және Қожатоғай ауылдық округтерінде (Мәдениет үйінің ауласында) қойылған шағын бассейіндерде шомылған балалар шаттыққа кенелді.
Ені – 2, ұзындығы – 4, тереңдігі – 1 метрлік жасанды бассейіннің суы санитарлық талапқа сай ауыстырылып тұрады. Ал бассейіндер әкімдікке қарасты тиісті сала қызметкерлерінің бақылауында болады.
Оған қоса, Дермене ауылының іргесінде ашылған шомылу жағажайына «Қолғабыс» қорының демеушілік етуімен, 1 дыбыс зорайтқыш пен 3 рация, бірнеше ысқырық, дүрбі және 5 үрмелі кеудеше тапсырылды.