Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде тұңғыш рет өткізіліп жатқан ауыл әкімдерін тікелей сайлау науқаны жоғары белсенділікпен өтіп жатыр.
Түркістан облысында өкілеттілігі аяқталған 60 ауыл округі әкімдігіне үміткер ретінде жалпы саны 166 азамат тіркеліп, саяси доданың көркін қыздыруда. Бүгінгі ауыл әкімдерін сайлауда 265 146 адам өз таңдауларын жасайды. Сайлаудың барлық талаптарға сай өтуін арнайы бақылаушылар қадағалап отыр. Бақылаушылар қатарына ауыл әкімдігінен үміткер азаматтардың сенімді өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері және БАҚ өкілдері кіреді. Оның ішінде республикалық «Партиялық емес байқау орталығы» қоғамдық бірлестігінің бақылаушылары жоғары белсенділік көрсетіп, сайлаудың әділ әрі заң талаптарына сай жүзеге асуына септігін тигізуде.
«Партиялық емес байқау орталығы» Қоғамдық бірлестігі Түркістан облыстық филиалының төрағасы Бектай Ормановтың айтынша, қоғамдық ұйым сайлау кезінде учаскелерде келеңсіз оқиғалар мен заңбұзушылықтарға жол бермеу мақсатында жұмыс істейді.
«Осы уақытқа дейін біз облыстағы барлық учаскелердің сайлауға дайындықтарының заң аясында жүзеге асуына мониторинг жасадық. Сонымен қатар, аудан, қалаларда бақылаушыларға арналған оқу-семинарларын ұйымдастырып, сайлаудың барлық заңнамаларын түсіндірдік. Дәл қазір облыста 241 сайлау учаскесі болса, соның басым бөлігінде біздің бақылаушылар өз міндеттерін атқарып жатыр»,- деді ол.