Коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Түркістан облысының аумағында орналасқан 500-ден астам тойханалардың барлығын полиция қызметкерлері күзетеді. Облыстың эпидемиологиялық ахуалы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен апталық отырыста талқыланды. Облыс басшысы пандемиямен күрестің негізгі жолы – вакциналау барысын бақылауды, мобильді топтардың жұмысын күшейтуді тапсырды.
«Әр тойхананың алдына бір-бір полиция қызметкерін қою керек. Бұл да аурудың таралуына жол бермеудің тиімді тәсілі болатын шығар. Күрестің осы жолын да көру керек. Коронавирустың таралуына жол бермеу үшін жан-жақтан күрес күшейтілсін»,-деді облыс әкімі.
Карантин режимі талаптарының орындалуын бақылау бойынша мобильді топтардың мониторинг жұмыстары күшейтілді. Нәтижесінде соңғы аптада 115 тыйым салынған отбасылық, мерекелік іс-шаралар анықталған.
«COVID-19» індетін жұқтырғандар саны 10 мың адамға жуықтады. Соңғы аптада тіркелген мыңға жуық жағдайдың көпшілігін белсенді жастағылар (20-49) құрады. Пандемия басталғалы коронавирус жұқтырғандардың 30%-н астамы қарым-қатынаста болғандар, 60% жуығы ЖРВИ/пневмония диагнозымен және стационарларға жоспарлы/шұғыл жатқызылғандар, мемлекеттік шекарадан өткендер және ірі кәсіпорын жұмысшылары, вахташылар құрайды.
Басқосуда белгілі болғандай, Түркістан өңірі күнделікті тіркеліп отырған науқастар саны бойынша республикада төмен көрсеткіште. Ал коронавирусқа қарсы вакцинация қарқыны жоғары деңгейде. Бүгінгі танда, барлық 141 егу пункттерінде коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация жүргізілуде. 109 дана термоконтейнермен қамтамасыз етілген. 80 көшпелі егу бригадалары жұмыс істеуде.
Өңірге вакцинаның 610 мыңға жуық дозасы жеткізілген. І-компонентпен 583 мыңдай адам немесе 95%, ІІ-компонентпен – 404 мыңға жуық адам немесе 77% егілген. Жыл басынан бері облыс бойынша жасақталған 127 мобильді топтармен 190 мыңнан астам нысан араланған. 3,5 мыңға жуық хаттама толтырылып, айыппұл салынған. Қажет болған жағдайда өңірде инфекциялық төсек-орын санын 6 мыңға дейін жеткізуге мүмкіндік бар.