Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласының теміржол вокзалында орын алған тосын жағдайға қатысты тілсіз жауды ауыздықтауға бағытталған шұғыл шараларға оң бағасын беріп, атсалысқан барлық азаматтарға алғыс білдірді. Арыс қаласы басшылығы мен облыс құтқарушылары мен полиция қызметкерлерінің еңбегін ерекше атап өтті.
Еске салайық, 6 тамыз күні Арыс станциясының платформасында Жамбыл облысынан Ресейге бағытталған сары фосфоры бар екі контейнер өртенді. Оқиғаға орнында шұғыл штаб құрылып, жедел іс-шаралар жүзеге асырылды. Жедел түрде өрт ауыздықталып, жақын маңда тұратын 1700 адам эвакуацияланды. Оның ішінде мыңнан аса адам туыстарының үйіне жайғасса, 650 адам уақытша ашылған 4 эвакуациялық бекетке орналастырылды. Полиция Департаменті өрт болған пойыз аумағы мен елді мекен маңын қоршап, 6 блок-бекет қойды. Өрт сөндіруге 300-ге жуық адам, 42 техника жұмылдырылды.
Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет тарапынан өрт сөндірілгеннен кейін ауа сапасы тексерілді. «Өлшеу нәтижелері бойынша шекті рұқсат етілген шоғырланудан асып кету анықталған жоқ. Радиациялық фонның деңгейі норма шегінде», — деп қорытындыланды.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен лездемелік мәжілісте облыс аумағындағы коронавирус инфекциясы мен санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы соңғы мәліметтер ортаға салынды. Соңғы 10 күннің ішінде Түркістан облысында карантин кезінде тығылып жасалған 169 той тоқтатылды. Тыйым салынған отбасылық, мерекелік іс-шаралардың 117-сі қоғамдық тамақтану орындарында, қалғаны үй жағдайында өткізілген. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, өңірде мобильдік топтардың жұмысы күшейтілді. Жасырын той өткізгендерге айыппұл салынды. Той иелерінің үстінен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған.
Түркістан облысы коронавирусқа қарсы вакцинация қарқыны бойынша Республикада жоғары деңгейде. Вакцинаны сақтау және тасымалдау шарттары сақтала отырып, жалпы 141 егу пункттерінде коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация жүргізілуде. Көшпелі егу бригадалардың саны — 80. Түркістан облысына қарасты вакцина сақтайтын қоймасында көлемі 300 литр құрайтын 2 дана мұздатқыш (-20оС) бар. Сонымен қатар, облыстық бюджет есебінен көлемі 143 литр құрайтын 20 мұздатқыш, 601 литрлік 2 мұздатқыш сатып алынып, толық жеткізілді. Ауруханалардағы дәрілік заттар қоры жеткілікті.