Бәйдібек ауданында көпбалалы 22 анаға «Алтын» және «Күміс» алқалары табысталды. Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бағдатбек Жанғазиев алтын құрсақты аналарды қабылдап, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерін табыс етті.
Еліміздің халық саны мен ел демографиясына үлес қосып отырған аудандағы ақ жаулықты 22 ана осы марапатқа ие болды. Оның 7-еуі алтын алқа, 15-і күміс алқа иегері. Бәйдібек ауданында мыңға жуық «Алтын» алқа иегері мен 1300-ден аса «Күміс» алқа алған аналар тұрады. Алтын алқаның ішінде батыр аналар – 173.
Жалпы, Түркістан облысы бойынша көпбалалы аналар саны 160 мыңнан асады. Оның ішінде 18 жасқа дейінгі 4 және одан көп баласы бар аналардың саны 99 мыңға жуық. 3 мыңға жуық Батыр ана бар.
«Алтын алқа» орденімен марапатталған көпбалалы аналардың саны 15 мыңға жетеді.
40 мыңдай ана «Күміс-Алқа» орденімен марапатталған, 1-2 дәрежелі Ана Даңқы орденімен марапатталған аналардың саны – 4 715.