Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » ӨЛМЕЙТҰҒЫН АРТЫНА СӨЗ ҚАЛДЫРҒАН!

ӨЛМЕЙТҰҒЫН АРТЫНА СӨЗ ҚАЛДЫРҒАН!

Сауран ауданында Абай Құнанбайұлының 176 жылдық мерейтойына орай, «Өлмейтұғын артына сөз» қалдырған атты онлайн әдеби-сазды кеш өтті.
Жаңадан құрылған Сауран ауданы ұлы ақынның мерейтойын жоғары деңгейде атап өтіп, екі әдеби-сазды кеш ұйымдастырды.
12 тамыз күні «Әлемге танылған Ұлы Абай» атты әдеби-сазды кеш өткен болатын. Кешегі мазмұнды шара бүгін де жалғасын тауып, аудандық мәдениет үйінде «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» тақырыбында мағыналы да мәнді шара өтті.
Әдеби-сазды кештің алғашқы құттықтау сөзін сөйлеген Сауран ауданы әкімдігінің аппарат басшысы Дәулет Құдияров: «Абай Құнанбайұлының шығармаларындағы тұщымды толғамдар, мәнді де мәйекті ойлар оқырманның санасына ізгілік нұрын, парасат шырағын тұтатады. Абайдың күрделі философиясының сырына қанығып, тереңіне бойлап, астарлы мағынасын ұға білген оқырманның бойына отансүйгіштік пен ұлтқа деген махаббат ұялап, дүниетанымы өзгеретіні сөзсіз. Абай шығармаларын насихаттау — жас ұрпаққа адамдық пен адалдықты насихаттау!»,- деп, жастарға Абай шығармаларын насихаттау арқылы ұлтын сүйетін ұрпақ тәрбелейтінімізді айтты.
Әдеби-сазды кеш басталуы мен аяқталуы, шарықтау шегі мен қорытындысы бар бүтін бір шығармадай өрбіді. Композициялық қойылыммен өткен кештің шымылдығын аудан өнерпаздары ашып, Абай Құнанбайұлының қарасөзін оқыды. Домбыраның қоңыр әуенімен сүйемелденіп оқылған қарасөз көрермендерді баурап әкетті.
Сайлаухан Жоланов, Шерхан Әлібеков, Болат Сенбеков, Әсем Улмаханова, Асқар Мәмбетов, Бейбарыс Қалдан, Нұрсұлтан Тулемисов оқыған қарасөздің соңы әдемі хорға ұласып, акапеллада «Желсіз түнде жарық ай әні» шырқалды.
Әсерлі акапелладан соң, талантты әнші Нұрсұлтан Тулемисов «Домбыраға қол соқпа» әнін шырқады.
Кеште Сайлаухан Жоланов Абайдың жиырма сегізінші қарасөзін шебер оқып, көрермендерді Абай әлеміне ертіп әкетті.
Сондай-ақ, кеште Абай Құнанбайұлының тағы да басқа әндері шырқалып, бірнеше өлеңдері оқылды.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*