Мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алып, өз кәсібін ашқандар артып келеді.
Түркістан облысы, Бәйдібек ауданына қарасты Жамбыл ауылының тұрғыны Рамзия Абдуллина сұлулық салонын ашты. Оған кәсібін ашуға мемлекеттік грант септігін тигізген. Биыл аудандық жұмыспен қамту орталығына құжат тапсырып, арнайы кәсіптік оқудан өтіп, сертификат алған. “Сұлулық салонын ашу” жобасы бойынша өтініш білдіріп, 583 мың теңгелік грантқа қатысуға құжат тапсырып, нәтижесінде комиссияның оң қорытындысын алған.
Осылайша, қайтарымсыз қаражатына керекті құрал-жабдықтарын алып, Шаян ауылынан ғимаратты жалға алу арқылы сұлулық салонын ашып отыр. Бала кезден шаш қиюға икемі бар Рамзия өз ісінің кәсіп көзіне айналдырғанына қуанышты. Шаш қиюмен қатар қыз-келіншектердің шашын бояу, түрлі шаш үлгілерін жасау, тырнақ әрлеумен әзірге өзі ғана айналысып отырған жас кәсіпкер Рамзия Абдуллина қолға алған кәсібін алдағы уақытты үлкейтіп, қосымша жұмыс көздерін ашуды жоспарлауда. Сонымен қатар шаштараз кәсібінің қыр-сырын меңгеруге ниет еткендерге арнайы курс оқытуға мүмкіндігі де бар.
Айта кетейік, мемлекеттік гранттар бастапқы бизнесті іске асыруды жоспарлайтын «Еңбек» бағдарламасына қатысушыларға өтеусіз және қайтарымсыз негізде 200 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде беріледі. Жалпы облыста 2021 жылы мемлекеттік грант 3100 азаматтарға, оның ішінде 1553 жастарға, беру жоспарланды. 2021 жылдың 1 шілдесіне дейін 2500 адам грант алған (81%), олардың 950 жастар, 79 мүгедектігі бар азаматтар, 919 адам аз қамтылған қатарынан, 300 адам көпбалалы отбасылардың мүшелері, 6 қандастар, 1 адам пробация есебінде тұрған, 245 басқа санаттағы азаматтар.