Арыс қаласындағы «Абай атындағы «Білім-инновация» ер балалар лицей-интернаты» балаларға төрт тілде білім беретін оқу ордасы. Мұнда оқушыларға қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілінде білім беріледі. Қайта құрылымдаудан өтіп, лицей-интернат ретінде іске қосылған білім ұясы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің арнайы қаулысы негізінде жүзеге асты.
Лицейде балаларын оқытуға облыс көлемінде ғана емес, еліміздің түкпір-түкпіріндегі ата-аналардың қызығушылығы артып отыр. Бұл туралы лицей-интернаттың директоры ЕркінТұрлыбеков Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбековаға мәлімдеді. Кездесуде білім мекемесінің алдағы оқу жылындағы жұмыс-жоспары талқыланды.
«Мектептің даму деңгейі жоғары болуы тиіс. Ал біз жергілікті атқарушы орган ретінде қолдан келген көмегімізді аямаймыз. Сондай-ақ, Арыс қаласы мен қала маңында тұратын балалардың да аталған оқу орнында білім алуына мейлінше жағдай жасағанымыз жөн», – деді қала басшысы Гүлжан Мамытқызы.
Қазірге дейін республикамыздың барлық қаласынан лицей-интернатқа түсу үшін 452 үміткер тіркелді. Ал қабылданатын бала саны – 150. Айта кеткен жөн, мектепте тек 7 және 8 сынып оқушылары ғана оқи алады.