Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жүріп тұруына қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңына сәйкес, Шымкент қаласы Еңбекші ауданында орналасқан нысан иелеріне тиісті түсіндіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі Еңбекші ауданы әкімі аппаратының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құрметті коммерциялық және бюджеттік мекеме басшылары!
«Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңының 25-бабының 3-тармағына сәйкес, «Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ортақ пайдаланылатын тұрғын үйлерге, қоғамдық және өндірістік үйлерге, ғимараттар мен үй-жайларға кедергісіз кіріп-шығуына ұлттық стандарттарға сәйкес жағдай жасауға міндетті» делінген.
Осы орайда, егер аталған заң талаптары орындалмаған жағдайда «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне сәйкес Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті тарапынан арнайы шаралар қолданылатынынан хабардар етеміз.
Сонымен қатар, осыған байланысты өз нысандарыңызды мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жүріп тұруына қолайлы пандус пен таймайтын төсеніш, шатыр, тірекпен қамтамасыз етулеріңізді, сондай-ақ, кіре беріс есіктеріне кедергісіз табалдырықтар, санитарлық-гигиеналық тораптар, арнайы автотұрақ орнатуларыңызды сұранамыз.
Қосымша сұрақтар болса төмендегі телефон нөмірлеріне хабарласып толықтай ақпарат алуларыңызға болады:
Еңбекші ауданының Әлеуметтік қорғау, мәдени даму және мемлекеттік қызмет көрсету бөлімінің бас маманы Ирисбекова Роза Махамадазимқызы тел: 53-27-42, 8-775-370-79-95