Шымкент қаласы, Қаратау ауданы «Достық» шағынауданы тұрғындарын биылғы жыл көптеген жағымды жаңалықтар күтуде, әсіресе аумақта кәріз жүйесінің құрылысы жүруде, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілетеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Қаратау ауданына қарасты Достық шағын ауданында 9 мыңға жуық тұрғын қоныстанған. Бір мектеп, үш балабақша, медицина және учаскелік полиция бекеті жергілікті халық игілігіне қызмет етеді. Бүгінде шағын ауданда кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары қызу жүруде.
Бұл туралы қала әкімінің Асар аумағындағы тұрғындармен кездесуі барысында Қаратау ауданының әкімі Рахымберді Мүлкеманов айтты.
Шағын аудан ауыз су, жекеменшік жүйедегі электр жарығымен, табиғи газбен қамтылған. Кәріз жүйесі құрылысы жүруде, жыл соңында аяқтау жоспарланған. Жаңақұрылыс аумағындағы инфрақұрылым жүйесі жобасына енбеген 425 абонентті де қазір ауыз су, сапалы электр жүйесі, көгілдір отынмен қамтамасыз ету мақсатында абоненттеу жұмыстары жүргізілуде.
2023 жылы шағынаудан аумағы сапалы интернетпен қамтылмақ.
Мұндағы 52 көшенің 22-сі асфальт жол, 26-сы тас жол, 4-уі топырақ жол. 2023 жылы – 14 көше, 2024 жылы – 8 көше, 2025 жылы – 13 көше асфальтталады.
Биыл Ақбосаға және атауы жоқ көшелер жарықтандырылады. 2023 жылы – Алғыс және мектеп көшелері; 2024 жылы – Айтұмар, Айдарлы; 2025 жылы – Мамыражай және Жайсаң көшелеріне жарықшамдар орнатылады.
Өткен жылы 2 ашық спорт алаңшасы пайдалануға берілді. Осы жылы бір ашық спорт алаңшасын салу жоспарланған.
Шағынауданға № 2, 45, 150 бағытындағы қоғамдық көліктер қатынайды.
Кездесу барысында шағынауданның тұрғындары белсенділік танытып, шағынаудан тұрғындары әлеуметтік желілерде өз сауалдарын жолдап, жауап алды. Сұрақтардың басым көпшілігі инфрақұрылым, қоғамдық көліктер, жол мәселелері төңірегінде болды.