Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІМЕН ЖҮЗДЕСТІ

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғали Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келіп, өңірлік зиялы қауым өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі «Шымкент келбеті» газетіне сілтеме жасап.

Депутат пен жергілікті зиялы қауым өкілдерінің жүздесуі қаладағы «Әл-Фараби» кітапханасында өтті. Жиынға халық қалаулысымен бірге Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы Мұқан, Шалатай Мырзахметұлы Мырзахметов бастаған қоғам қайраткерлері, ақын – жазушылар, бұқаралық ақпарат құралының өкілдері қатысты.

Жиын барысында Берік Әбдіғалиұлы алдымен жуырда Қазақстан қоғамында болатын саяси оқиға – жалпы халықтық референдумға тоқталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан саяси реформалар туралы айтты. Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалидың пікірінше, Ата заңымызға енгізілгелі тұрған өзгерістер ел дамуына оң әсер етеді. Бұған қоса қазіргі таңдағы өзекті мәселенің бірі – тіл, оның ішінде қазақ тілінің дамуы туралы сөз қозғалды.

– Ана тіліміз – қазақ тілінің, мемлекеттік тілдің дамуы қазір барлығымызды дерлік ойландырып жүргені рас. Мәселе тілде емес, өзімізде деп едім. Алдымен туған тілімізге деген қарым-қатынасымызды реттеп, сапалы деңгейге көтеруіміз керек. Әр азаматтың бойында тілге деген құрмет сақталуы тиіс. Тіл, алдымен, өзімізге керек. Сонда ғана ана тіліміздің дамуы жаңа деңгейге көтерілер еді, – деді Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғали.

Айта кетейік, Берік Әбдіғали өткен жылдың қараша айында Түркістан қаласында өткен құрылтайда халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті болып сайланған болатын.

Бүгінгі басқосуда жергілікті тіл жанашырлары да сөз алып, қазақ тілінің дамуы туралы ойларын айтты, өзара пікір алмасты.

 

Фотоны түсірген Серік Қосаев

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*