Шымкенттік өрт сөндірушілер екі баланы өрттен құтқарды, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Шымкент қаласында 10 мамыр күні 18.45-те «112» құтқару қызметіне 4 шағынауданы Р.Қабылбеков көшесіндегі құрылысы бітпеген ғимараттың жертөлесінде өрт болғаны туралы хабарлама келіп түсті. Құтқару қызметіне хабарласқан зардап шеккен жас балалар екен.
Жертөледе 2011 және 2012 жылы туылған екі бала отпен ойнаған. Салдарынан өрт орын алып, жертөлені іші қара түтінге оранып, балалар сыртқа шыға алмай қалған.
Өрт орнына жедел жеткен мамандандырылған жасақтың қарауыл бастығы Р. Письменский, аға өрт сөндірушілер Б.Сихымбаев, Б.Лескен, ГТҚҚ аға шебері Ө.Қуантай тез арада қою түтінге оранған жертөлеге кіріп, талықсып жатқан балаларды дер кезінде арнайы тыныс алу аппараттарына қосып сыртқа шығарды.
Осылайша өрт сөндірушілер 2 баланың өмірін құтқарып қалды. Ал, жертөледе 6 шаршы метр қоқыс жанған.
Түтінге тұншығып, үрейленген балалармен «112» қызметкерлері үнемі хабарда болып, іс-қимылдар тәртібін түсіндіріп отырды.
Өрт сағат сағат 19.31-де толығымен сөндірілді. Өртті сөндіруге 3 техника, жеке құрамнан 13 адам, апаттар медицина орталығы филиалыныңың 1 бригадасы жұмылдырылды.
Көп жағдайда өрттің шығуының себебі балалардың, оның ішінде мектепке дейінгі және мектептің төменгі сыныптарында оқитын балалардың отпен ойнауынан, өрт қаупі бар заттарға абайсыздығынан болып жүр. Өйткені олар өрт қауіпсіздігі ережелерін біле бермейді.
Жазғы демалыстың басталуына аз қалды, оқушылардың бос уақыты да көбеймекші, сондықтан балалар өмірі мен қауіпсіздігіне көп көңіл бөлу қажет.
Сондықтан ата-ана балаларға жас демей, өрттің туындауының негізгі себептерімен таныстырып, оттан абай болудың қарапайым дағдыларын үйретіп, ұғындырып отыруы керек. Тіпті өрт болған жағдайда дұрыс қимыл жасау, өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарын сақтауды да айта бергені жөн. Балаларға отпен ойнаудың салдарын ескертіп, өрт қаупі бар заттарды еркелікпен пайдаланудың қаупінің күшті екенін айта беру керек.