Шымкент қаласының Әл-Фараби атындағы ғылыми — әмбебап кітапханасында қалалық Қазақстан халқы ассамблеясы Конституциялық реформалар бойынша өтетін жалпыхалықтық республикалық референдумның маңыздылығы жөнінде жиын өткізді, деп хабарлайды Шымкент қаласының ақпараттық — коммуникациялық орталығына сілетеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Қалалық этномәдени бірлестіктердің төрағалары, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің қалалық өкілдігінің мүшелері және қала жастары қатысқан іс — шарада Ата Заңға енгізілген өзгерістер жайы талқыланып, еліміздегі саяси жүйені жаңғырту мәселелері сөз болды.
5-маусым күні өтетін жалпыхалықтық референдумда Конституциядағы 98 баптың 33-і не өзгерістер енгізілетін болады. Бұл дегеніміз Конституциялық реформа ел дамуының жаңа кезеңі басталғанын көрсетеді.
Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары Батырбек Жалмұрзаев жалпыхалықтық референдумға қатысу әрбір азамат үшін үлкен саяси мүмкіндік екенін атап өтті. Азаматтар өз ұстанымдарын білдіру арқылы болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті, Отан алдындағы маңызды борышты жете ұғына түседі.
— Жаңа Қазақстанды құру үшін жаңа идеялар, жаңа бастамалар керек. Конституцияға енгізілетін өзгерістер мемлекеттің, қоғамның өміріне елеулі өзгеріс әкеледі. Бұл ретте жастар, аға буын өкілдері жауапкершілікті сезінуі тиіс. Ел өміріндегі саяси маңызы зор оқиғаға баршаңызды белсене қатысуға шақырамын, — деді Батырбек Жалмұрзаев.
Сондай — ақ, жиында қаладағы «Ынтымақ» этносаралық бірлестігі төрайымының орынбасары Артықбай Үсембай, «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің қалалық өкілдігінің жетекшісі Нұрболат Мейірбеков ой — пікірлерін ортаға салды.
Жұмыс жиынында басқалар да адам сөз алып, референдум туралы пікір айтты.
Референдумға қатысу құқығы азаматтардың тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез-келген өзге жағдаяттарға қарамастан Республиканың он сегiз жасқа жеткен азаматтарына берiледi.
Мемлекеттік модельді кешенді түрде өзгертуге мүмкіндік беретін Конституциялық референдум – Әділетті Қазақстан ұстанымының бастамасы деуге де негіз бар. Сондықтан этно – мәдени бірлестіктер өкілдері еліміздің болашағы үшін бір ауыздан қолдайтындықтарын жеткізді.