Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » ӘРБІР ОТБАСЫ — МЕМЛЕКЕТТІҢ БЕРІК ІРГЕТАСЫ

ӘРБІР ОТБАСЫ — МЕМЛЕКЕТТІҢ БЕРІК ІРГЕТАСЫ

Шымкент бала туу және отбасы құру көрсеткіші жағынан алдыңғы қатарда. Мәселен, 2020 жылы 6776 жұп некесін қиса, 2021 жылы Шымкентке 7880 шаңырақ қосылған. Бұл туралы халықаралық отбасы күніне орай өткізілген салтанатты шара барысында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы Мұқан мәлімдеді.

Мереке қарсаңында шымкенттік жас жұбайлар Бекзат Асқарбекұлы мен Мадина Оразбайқызының некесі қиылып, алтын той иелері Нышанбек Ануаров пен Зейнепкүл Рысқұловаға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы Мұқан арнайы куәлік табыстады.

—Халықаралық отбасы күні дүние жүзінде тойланады. Себебі, «Отан отбасын басталады» дегендей, әрбір отбасы — мемлекеттің берік іргетасы. Ал, әрбір отбасының бақыты — мемлекеттің бақыты. Бүгінде әлемде экономикалық өлшемдер емес, «мемлекетті құраушы отбасылар қаншалықты бақытты?» деген критерий маңызды. Шымкент бала туу және отбасы құру көрсеткіші жағынан алдыңғы қатарда. Мәселен, 2020 жылы 6776 жұп некесін қиса, 2021 жылы Шымкентке 7880 шаңырақ қосылған. Салыстырмалы түрде өңірімізде неке бұзушылардың саны азайғаны да қуантады. Бұл біздің өңірдегі отбасы институтының, үлкендердің өнегелі жолының жемісі деп білеміз. Шаңырақ көтеріп, неке қиған жас жұбайларға алтын той иелерінің жолын берсін деп тілейміз, -деді Шыңғыс Жұмабекұлы Мұқан.

Нышанбек Ануаров—ұзақ жылдар «Фосфор» акционерлік қоғамында аға заңгер, заң бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған ортасына сыйлы қария.

Зейнепкүл Рысқұлова—1973 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін денсаулық сақтау саласында фельдшерлік қызмет атқарған. Отағасы екеуі бүгінде мәпелеп өсірген ұл-қыздарынан 14 немере, 2 шөбере сүйіп отыр.

Ашық аспан астында өткен жиында алтын той иесі жас жұбайларға ақ тілегін айтып, батасын берді.

— Өмір деген үлкен теңіз. Ол теңіздің толқынды, тынышсыз күндері де, тып-тынық, мамыражай күндері де болатыны сөзсіз. Бүгінгі қол ұстасып, сол теңізге бет алған кемелерің толқынды күндерден аман өтсін! Қазақта «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген аталы сөз бар. Бойдақ күндердегі тегіс жолды аңсамай, отбасылық өмірде өздеріңе артылған міндетті бірге, адал атқарыңдар. Өніңдер, өсіңдер, — деді Нышанбек қария.

Жас жұбайлар мен алтын той иелері жиын соңында Алаш арыстарының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*