Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шешімімен 2022 жыл – «Балалар жылы» болып жарияланған болатын. Осыған орай, Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы 16-20 мамыр, яғни апта бойы қаланың түрлі тарихи-мәдени орындарына тегін саяхат жасауды қолға алды, депхабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Балалар туризм апталығы» деп аталатын экскурсияға Шымкент қаласының ең танымал туристік орындары біріктірілген. Атап айтқанда: «Кең баба» этно — саябағы, жасөспірімдерге арналған қуыршақ театры, Ордабасы алаңы, «Shym Qala» тарихи — мәдени кешені, Тәуелсіздік саябағы, Даңқ мемориалы, Бейнелеу өнері музейі, Бәйдібек би монументі, облыстық тарихи -өлкетану музейі және Зообақ.
Балалар жоғарыда аталған орындардың тарихымен кеңінен танысатын болады. Ол үшін орталықтың гид — экскурсоводтары балаларға құнды ақпараттарымен бөлісіп, бұл орындардың маңызына тоқталады. Одан өзге, балаларға арналған танымдық ойындар ойнатылып, тәттілер беріледі.
Жалпы, балалар туризмі — 7-15 жас аралығындағы балаларға арналған саяхаттар мен экскурсиялар, танымдық және рекреациялық балалар туры. Ол баланың жан — жақты өсіп жетілуіне, ақыл — парасат деңгейінің артуына, қоршаған ортаны қорғауға, өз- өзін көрсете алуына және тағы басқа да қабілеттерін арттыруға септігін тигізетін болады.
Айта кетейік, бүгінгі күнде «Балалар туризм апталығы» экскурсиясына 150-ден астам бала тіркеуден өткен. Бағдарлама бойынша нысандар әр күнге бөлінген. Балалар өзі қалаған күнді, нысанды таңдай алады. Ол үшін «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының +7 701 102 17 17 нөміріне хабарласып, толық ақпарат алуға және тіркелуге болады.