Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында 2022 жылдың 1-17 мамыр аралығында есту қабілеті нашар спортшыларға арналған 24-ші Сурдлимпиада ойындары басталды, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпарат агенттігі.
Байрақты бәсекеге әлемнің 100 елінен 3500-ден астам спортшы қатысуда. Олар спорттың 21 түрінен бақтарын сынады.
Қазақстанның намысын 9 спорт түрінен 65 спортшы қорғады. Олардың қатарында Шымкенттік спортшылар — Пернеш Шадияр мен Рсалы Сабыржан да бар.
Спортшылар еркін күрестен Пернеш Шадияр 65 келі, Рсалы Сабыржахн 70 келі салмақта өз шеберліктерін көрсетті. Бәсекелер тартысқа толы болды. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген спортшылар жарысқа жоғары деңгейде дайындалып келгендерін көрсетті. Нәтижесінде сурдлимпиада ойындарында шымкенттік Рсалы Сабыржан күміс медаль иеленсе, Пернеш Шадияр 5-орынға табан тіреді.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет бір Сурдлимпиадада 2 алтын медальді алматылық балуан Хайратхаан Шонку (130 кг) жеке-жеке грек-рим және еркін стильде жеңіп алды. Екінші финалист Асылжан Тәжиев (97 кг) болды, ол Сурдлимпиада ойындарының күміс жүлдесін жеңіп алды. Екі спортшы да бапкер Ерлан Мұқажанның шәкірттері.
Жалпы командалық есепте Қазақстан Республикасының құрамасы 7 алтын,7 күміс, 18 қола медальмен 13 орынға тұрақтады.
Тізімнің топ басында 137 медальмен Украина тұр. Екінші орынды 54 медальмен АҚШ еншіледі. Үздік үштікті 40 медальмен Иран спортшылары түйіндеді.
Бразилияда өткен XXIV-сурдлимпиада ойындарының жүлдегерлері елімізге 19- мамырда табан тірейді. Жүлдегер атанған барлық Қазақстан спортшыларын жеңістерімен құттықтаймыз.
Сурдлимпиадалық спорт Олимпиадалық және паралимпиадалық спорт түрлеріне теңестірілген. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар беріледі: 1 орын – 250 000 АҚШ доллары, 2 орын – 150 000 АҚШ доллары, 3 орын – 75 000 АҚШ доллары.