Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » ШЫМКЕНТТЕ 500-ГЕ ЖУЫҚ АЗАМАТТЫҢ ҮЙДІ ЖАЛДАУ АҚЫСЫН СУБСИДИЯЛАУ ӨТІНІМІ МАҚҰЛДАНДЫ

ШЫМКЕНТТЕ 500-ГЕ ЖУЫҚ АЗАМАТТЫҢ ҮЙДІ ЖАЛДАУ АҚЫСЫН СУБСИДИЯЛАУ ӨТІНІМІ МАҚҰЛДАНДЫ

Шымкент қаласында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін жағымды жаңалық. Қалада 500-ге жуық азаматтың үйді жалдау ақысын субсидиялау өтінімі мақұлданды, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өтінімдер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы негізінде ағымдағы жылдың 18 сәуірінен бастап қабылданған болатын. Қазіргі таңда тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялау бойынша баспана кезегіндегі 493 азаматтың өтінімі мақұлданды.

Бүгін Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Утебаева 40-қа жуық азаматты қабылдап, баспана мәселесіне қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, тұрғындар тарапынан тұрғын үй кезегі, тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялау, қайтарымсыз негізде берілетін тұрғын үй сертификаттары, жеңілдетілген несиелік бағдарламаларға қатысты талап-тілектерін жеткізді.

Тұрғын үй жалдау төлемдерін субсидиялау бағдарламасына кезекте тұрған 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, сондай-ақ, көп балалы отбасылар қатыса алады.

Сонымен қатар, баспана ақысын субсидиялау үшін үміткерлер қатарындағы отбасылардың соңғы алты айдағы орташа жиынтық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы ең төменгі күнкөріс деңгейінен (1 КМ = 36 018 теңге 01.01.2022 ж. жағдай бойынша) аспауы тиіс.

Айта кетейік, бүгінде өтінімдер электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен www.otbasybank.kz сайтында онлайн түрде қабылданып жатыр. Сонымен қатар, субсидия алу үшін үміткердің «Отбасы банкте» депозиттік шоты болуы тиіс.

Азаматтар тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялау бойынша қосымша ақпаратты Бейбітшілік 3, мекенжайында орналасқан «Amanat» партиясының қалалық филиалындағы «Отбасы банк» қызметкерлерінен алуға болады.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*