Мегаполистегі көпқабатты тұрғын үйлерде мүлік иелерінің бірлестігі немесе жай серіктестік құру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Бұл туралы бүгін Ақпараттық — коммуникациялық орталығы алаңында қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Малик Абдинуров және Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй заңнамасын реформалау комитетінің мүшесі Жұмабек Исмаиловтың қатысуымен өткен брифингте мәлім болды, деп жазады Шымкент қаласының ақпараттық — коммуникациялық орталығына сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
«Қалада Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес тұрғын үй саласында өзгерістер енгізілуіне байланысты көпқабатты тұрғын үйлерде мүлік иелерінің бірлестіктері институтын немесе жай серіктестікті енгізу жөніндегі реформармалау жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Реформадағы енгізілген өзгерістерге сәйкес, «Бір үй – бір бірлестік — бір шот» қағидасы бойынша тұрғын үйді басқару жүйесін таңдау болып табылады», — деді спикер.
Аталған жаңа реформаның ерекшелігі – тұрғындардың есеп шотты басқарып отыруға мүмкіндігі бар. Әр салынған қаражат пен кеткен шығын үй егелерінің бақылуында болады.
Жалпы, Мүлік иелерінің бірлестігі» (МИБ) – коммерциялық емес ұйым. Яғни, көп қабатты тұрғын үй пәтерлері және тұрғын емес үй-жайларының меншік иелері құрған кондоминиум нысанын басқаруды жүзеге асыратын, оны күтіп — ұстауды қаржыландыратын және сақталуын қамтамасыз ететін заңды тұлға. Бұл жағдайда пәтер және тұрғын емес үй — жай меншік иелерінің 51 пайызының келісімі қажет. Ал «Жай серіктестік» (ЖС) – бір көп қабатты үйдің пәтерлері және тұрғын емес үй — жайларының меншік иелері кондоминиум нысанының ортақ мүлкін сақтауды қамтамасыз етуге арналған серіктестік. Осы орайда пәтер және тұрғын емес үй-жай меншік иелерінің 100 пайыз келісімі болуы шарт.