Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаттары Бектаев Әли Әбдікәрімұлы мен Құртаев Әлімжан Сейітжанұлы Шымкент қаласына арнайы іс-сапармен келіп, академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар Достығы Университетінің ұжымымен және студент жастармен кездесті, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Іс-шара Конституциялық реформалар бойынша республикалық референдумның маңыздылығын түсіндіруді мақсат еткен.
Жиында сенаторлар Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың мән -маңызына тоқталып, оқытушылар, студент жастардың сауалдарына жан-жақты жауап берді.
– Тәуелсіздіктің 30 жылдығында толайым табыстарға жеттік. Алдағы бүкілхалықтық референдумның мақсаты – жаңа қоғам, Жаңа Қазақстан құру. Конституцияға өзгеріс енгізу халықтың тұрмыс — тіршілігіне, халықтың әл — ауқатының артуына тікелей қатысты. Бұл орайда ел азаматтарының санасы жаңғыруы қажет. Жастар білімді, елжанды азамат болуы тиіс, – деді Әли Әбдікәрімұлы Бектаев.
Сондай-ақ, Әлімжан Сейітжанұлы Құртаев әрбір азаматқа еліміздің болашағын айқындайтын тарихи оқиғаның мәні зор екенін айтып, қоғамдық — саяси іс-шарада барлық азаматтарды белсенділік танытуға шақырды.
Сонымен қатар, Парламент Сенатының депутаттарымен кездесу соңында жастар көкейдегі толғандырған сауалдарын қойды. Сенат депутаттары оқу орнының материалдық — техникалық базасымен танысып, студенттердің көрмесін аралады.
Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ағымдағы жылдың 5 маусымында Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Осыған орай бүгінде ел аумағында алдағы конституциялық реформаны өткізудің жан-жақты маңыздылығын түсіндіру жұмыстары басталып кетті.