Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қалалық перзентханасының және №5 емхана жұмысымен танысты, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz.
Стационарлық жағдайда мамандандырылған медициналық көмек көрсететін қалалық перзентхананың материалдық-техникалық базасы жаңартылып, қызмет көрсету сапасы артқан. Қазіргі таңда мекемеде 53 білікті дәрігер, 171 орта, 87 кіші медперсонал жұмыс істейді. Қала тұрғындарына 153 төсек-орындық стационар қызмет көрсетуде. Қалалық перзентхананың 6 ғимараты 2021 жылы күрделі жөндеуден өтті. Оған бюджеттен 1,7 млрд теңге қаралған-ды. Нысан толықтай соңғы үлгідегі медициналық қондырғылармен жабдықталған, заман талабына сай. 2021 жылы 41 медициналық құрал-жабдық (22-і жергілікті бюджет есебінен) сатып алынды.
Жылына 11 мыңнан астам нәресте дүниеге келетін нысан жаңғырту жұмыстары нәтижесінде 12 мыңнан астам ананың босануына жағдай жасалды.
Қала әкімі шаһардағы медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын жаңғыртудың маңыздылығын, ана мен баланың денсаулығын жақсарту, демографиялық көрсеткішті одан әрі ұлғайту негізгі бағыттардың бірі болып белгіленгенін атап өтті.
Одан кейін қала әкімі №5 қалалық емханаға барды. Мақсат — қаладағы емханалардың қызмет көрсету сапасы мен медицина мекемелерінің барлық қажетті құрылғылармен қамтамасыз етілу барысымен танысу. Алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек көрсететін ұйымның барлық процестері автоматизацияланған. Емханада жалпы тәжірибелік дәрігерлер , педиатриялық учаскелер, гинекологтар, тағы басқа салалық мамандар қабылдау жүргізеді.Онда жалпы 400 -ден аса қызметкер жұмыс істеуде.
Емдеу мекемесіне 59 мыңнан аса қала тұрғыны тіркелген. Ол пациенттерге тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық қызмет көрсетіледі.
Ұйымда Емдеуге жатқызу бюросы порталы (БГ), медициналық қызметтердің сапасын басқару қызметі, пациенттерді қолдау қызметі енгізілген. Емханада барлық орталықтандырылған коммуникациялық жүйелері бар.