Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтенов шаһарда салынып жатқан «ALAN» халықаралық мектебінің құрылыс барысын көрді, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі. Заманауи стандарттар мен талаптарға сай келетін білім беру мекемесі ағымдағы жылдың қыркүйек айында іске қосылады деп күтілуде.
Қаратау ауданында орналасқан бұл мектеп 840 оқушыға лайықталған. Мұнда 1-11 сынып аралығындағы оқушылар қазақ, орыс және ағылшын тілінде білім алады. Оқу ғимаратында алпыс пән кабинетімен бірге ашық және жабық түрдегі спортзал, сондай-ақ, кітапхана және асхана қаралған. Оқушылардың ғылыми жұмыстарға бағыттау үшін ғылыми зертханалар жасақтау көзделіп отыр.
Білім беру мекемесінің директоры Д.Пірмағанбеттің айтуынша, «Alan» халықаралық мектебінің (AIS) заманауи кампусы оқушыларға жайлылық сыйлап, еш алаңсыз білім алуын қамтамасыз етеді.
«ALAN» халықаралық мектебі толық күндік мектеп болғанымен ерекшеленеді. Білім беру мекемесінде оқушылар таңғы сағат 8:00-ден кешкі 17: 00-ге дейін қауіпсіздігі қатаң бақылауға алынған смарт мектебінде қосымша біліммен қамтылатын болады.
Мектеп іске қосылғаннан кейін барлығы 168 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Кадрлар халықаралық білім беру бағдарламасы негізінде іріктеліп, үш тілді жетік меңгеруі міндеттеледі. Одан бөлек, шетелден білікті мамандарды шақырту көзделіп отыр. «ALAN» халықаралық мектебінің білім беру әдісі STEAM, PBL, TRIZ, CLIL және өзге де әлемнің озық бағдарламасына негізделген.
Сонымен қатар, оқушылар спорт пен шығармашылық үйірмелері және сыныптан тыс ұйымдастырылатын іс-шараларға қатыса алады.
Айта кетсек, биыл қалада он алты мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 11-і жеке инвестор есебінен салынып жатыр. Нәтижесінде үшауысымды мектеп саны 9-дан 5-ке азаятын болады.