Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » ШЫМКЕНТТЕ ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӨЗБЕКСТАН ДЕЛЕГАТТАРЫНЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

ШЫМКЕНТТЕ ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӨЗБЕКСТАН ДЕЛЕГАТТАРЫНЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

«Шынайы бауырластыққа негізделген достық пен туыстық дипломатиясы» ұранымен өткен конференция екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстың 30 жылдығына арналды. М.Әуезов атындағы ОҚУ-де өткен жиынға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, Өзбекстан этносаралық қатынастар және шет ел мемлекеттерімен достық комитеті төрағасының кеңесшісі Зафар Ахметов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің этносаралық қатынастарды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Еркін Үйсінбаев, ҚХА Төрағасының орынбасары Тауфик Каримов, ОҚУ ректоры Дария Қожамжарова және басқа да мәртебелі қонақтар қатысты.

Жиынды жүргізіп отырған ҚР өзбектері этномәдени бірлестіктерінің «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов ОҚУ-мен бірге ұйымдастырылған конференцияны өткізуге Шымкент қаласының әкімдігі қолдау көрсеткенін, жиын жақсы көршілік қарым-қатынастың дамуындағы халықтық дипломатияның рөлін дәріптеуге арналғанын айтты.

Халықаралық конференцияны ашқан қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан алдымен қатысушыларға қала әкімі Мұрат Әйтеновтың сәлемі мен ыстық лебізін жеткізді.

– Қадірлі бауырлар! Қазақстанға, оның ішінде шырайлы Шымкент қаласына қош келіпсіздер! Бауырлас екі ел арасындағы байланыс ежелден берік бекіп, тығыз өрбуде. Еліміздің оңтүстігіндегі Шымкент қаласы да осы байланысқа қомақты үлес қосуда. Үшінші мегаполистегі миллионнан астам тұрғынның 18 пайызын өзбек этносының өкілдері құрайды. Қаламыздағы мектептерде өзбек тілінде сабақтар өтеді, мәдени-ағарту жұмыстары жүзеге асырылуда. Өзбекстан Республикасы мен Шымкент қаласы арасындағы сауда-саттық байланыстың көлемі биылғы І тоқсанда 81 млн АҚШ долларынан асты. Бұл бұған дейінгі жылдардағы көрсеткіштермен салыстырғанда артық. Осындай тығыз қарым-қатынас алдағы уақытта жаңа деңгейге көтеріліп, жандана түсеріне сенімдімін! – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Қала әкімінің бірінші орынбасары көрші елден келген қонақтарға Шымкенттің атынан сыйлық тарту етті.

Конференция барысында мәртебелі қонақтар сөз алып, екі ел аумағында жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар мен жобаларға тоқталды, бауырластық байланыстың жандануындағы халықтық дипломатияның рөліне тоқталды.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*