Үшінші мегаполисте «Шымкент жастар лигасы» жобасы аясында спорт бәсекелері жалғасуда. Бүгін З.Косодемяньская атындағы №23 мектеп — лицейінде оқушылар арасында баскетбол ойындарының финалдық кезеңі өтті, деп хабарлайды қалалық ақпараттық — коммуникациялық орталыққа сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Пернебайұлы Исахов, Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мұратжан Шүкірханұлы Шотанов финалдық сынды тамашалап, жас спортшыларға қолдау білдірді.
Баскетболдан додаға 122 команда, 1464 оқушы қатысып финалдық кезеңге он алты команда жолдама алған болатын. Ұлдар арасындағы дүбірлі дода аса тартысты өтті. Жеңіске жету үшін жас сайыскерлер барлық күш — жігерлерін жұмсады.
Қорытындысында, спорттық долада М.Х. Дулати атындағы №8 мектеп — гимназиясы оқушылары жеңіске жетіп, лига жеңімпазы атанды. Сондай-ақ, екінші орынға Әл — Фараби атындағы №113 жалпы орта білім беретін мектебінің командасы ие болды. Ыбырай Алтынсарин атындағы №65 мектеп — гимназиясы үшінші орын алды.
Сонымен қатар, «Шымкент жастар лигасы» жобасы өткен жылдың 23 қазан күні басталған болатын. Сайысты ағымдағы жылдың 1 маусым күні аяқтау жоспарлануда. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді салтанатты түрде марапаттау рәсімі «Қажымұқан» атындағы орталық стадионда өтеді.
Айта кетейік, «Шымкент жастар лигасына» спорттың футбол, баскетбол, волейбол, шахмат түрлерінен 151 жалпы орта білім беру мектептерінен 514 команда құрамында 5926 оқушы қатысуда. Атап айтқанда, Абай ауданында — 37, Әл-Фараби ауданында – жиырма бес, Еңбекші ауданында — қырық, Қаратау ауданында – отыз сегіз. Сонымен қатар, командаларға қолдау көрсетуге 151 мектептен Фан – клуб командалары жасақталып 2265 оқушы қамтылды.