Шымкентте жыл басынан бері қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы қызметкерлерінің қадағалауымен 17 кәсіпорында 1200-ден астам жұмыскердің жалақы қарызы өтелді, деп хабарлайды қалалық ақпараттық-коммуникациялық орталыққа сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Жұмыс берушілердің жалпы еңбекақы қарызы 200 миллион теңгеден астам қаржыны құраған. Бұл туралы салаға жетекшілік ететін қала әкімінің орынбасары Ерғали Дәулетбекұлы Білісбековтың төрағалығымен өткен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу бойынша үш жақты комиссия отырысында мәлім болды.
Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты басқарма басшылары мен аудан әкімдерінің орынбасарлары, жұмыс берушілер және қалалық кәсіподақ өкілдері қатысқан комиссия отырысында азаматтардың еңбек құқығын қорғауға байланысты бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың уақытылы әрі толық төленуі, еңбек қауіпсіздігі, жазатайым оқиғалардан сақтандыру басты назарда.
Шымкент қаласы мемлекеттік еңбек инспекциясының басшысы Бауыржан Қалжановтың айтуынша, қазіргі таңда жұмыскерлерді сақтандыру аса маңызды. Өйткені, құрылыс саласында ауызша келісім және қызметтер көрсету шарттарының түзілу салдарынан қауіпті жұмыста еңбек ететін жұмыскерлер сақтандыру жүйесінен тыс қалуда. Осы бағытта ішкі еңбек нарығын қорғау, көлеңкелі экономикадағы еңбек табыстарын ресми бағыттарға өткізуді көздейтін ұсыныстар мен төмен жалақы деңгейін көтеру туралы ұсыныстар әзірленбек.
Жиын барысында сондай-ақ, «Еңбек-елдің мұраты» арнайы жобасын іске асыру және «Еңбек жолы» конкурсын өткізу мен «Балалар еңбегінің ең нашар түрлерін жою жөніндегі 2022-2024 жылдарға арналған іс-шаралардың орындалуы талқыланды.