Шымкентте «Қала күніне» орай қазақша күрестен «Шымкент барысы» республикалық турнирінің іріктеу кезеңі басталды. Белдесуде 90 келіден астам салмақ дәрежесінде 26 балуан күш сынасады, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Жарыс қаоладағы бірегей Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы орталық стадионның жеңіл атлетикалық аренасында өтуде. Турнирдің ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов балуандарға сәттілік тіледі.
–Ұлттық спорт түрлері ата-бабаларымыздан келе жатқан асыл мұрамыз. Біз оны көзіміздің қарашығындай сақтап, дамытуымыз керек. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз аз емес. Оның айғағы ретінде қазақ күресінен Әлемдік деңгейде биік тұғырлардан көрінген, Әлем Чемпионатының жеңімпазы, Әлем Барысының күміс жүлдегері, Евразия Барысының жеңімпазы — Ерсұлтан Мұзаппаров және Әлем Чемпионатының жеңімпазы, Азия Чемпионатының үш дүркін жеңімпазы — Әділжан Истабаев секілді спортшы-саңлақтарымызды айтып өтуге болады. Бүгінгі жарыс барысында балуандарға сәттілік тілеймін, -деді қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтенов.
Жарысқа Әлем және Азия Чемпионатының жүлдегерлері, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, спорт шеберіне үміткерлер қатысып жатыр.
Айтулы спорт додасын Бахадыр Нарымбетов бастаған қала мәслихатының депутаттары, Майра Мұхамедқызы, Мұхтархан Ділдәбеков тамашалауда.
Қазіргі таңда қаланың төрт спорт мектебінде қазақ күресімен 466 спортшы кәсіби түрде шұғылдануда. Бүгінгі «Шымкент барысында» 1-2 орын алған балуандар шілде айында ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Қазақстан барысы» республикалық жарысында Шымкенттің намысын қорғауға жолдама алады.
Айта кетейік, мегаполис тұрғындары «Қала күні» мерекесін 2019 жылдан бастап 19 маусым күні тойлап келеді.