28 маусым — Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай Қажымұқан атындағы орталық стадионда журналистер арасында жыл сайын дәстүрге айналған спартакиаданың ресми ашылуы өтті, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Мемлекеттік саясатты насихаттап, өзгенің мәселесін көрсететін, арқалағаны алтын, жегені жантақ журналистердің жиналып бас қосатын жері -осы спартакиада.
Басты мақсат – салауатты өмір салтын насихаттап, әріптестер арасындағы шығармашылық және достық қарым-қатынастарды нығайту, бұқаралық спортты дамыту.
БАҚ өкілдерін төл мерекесімен құттықтауға келген Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы Мұқан спорттық бәсекені ашып берді.
Спартакиада қоғам қайраткері, белгілі азамат Оңтүстік журналистерінің абызы болған Байдулла Қонысбекті бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.
—Қадірлі әріптестер, тағдырдың жазғанына шара жоқ. Көпшіліктің құрметіне бөленген абыз журналистің қазасы бәріміздің қабырғамызға батады. Байдулла ағамыз журналистика саласында артында үлкен мұра қалдырды. Журналистика мамандығы маған өте жақын. Себебі мен де қолыма қалам ұстап, 7 жыл осы кәсіптің нанын жедім. «Отымен кіріп, күлімен шықтым» десем болады.
Спорт— журналистердің айнымас серігі. Осыған орай бұл жолғы спартакиадаға мегаполистің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен құралған бірнеше команда бақтарын сынамақ. Барлығына тек сәттілік тілеймін. Мереке құтты болсын! — деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Спартакиаданың алғашқы жарысы волейбол ойындарынан басталды. Үш күнге созылатын спорттық іс-шарада 11 команда волейбол, шахмат, футбол, үстел теннисі, бильярд және арқан тарту бойынша жүлделі орындарға таласады.
Байрақты бәсекеге қатысушы әріптестерімізге алдағы додаларға сәттілік тілейміз! Жеңісті күндеріңіз көп болсын!
фото: Серік ҚОСАЕВ